Риэлторлық қызметті реттеу ұлттық стандартында олқылық бар – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің риэлторлық қызметке мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсынысына жауап берді.

Риелтор, риэлтер
Фото: freepik.com

«Ұзақ уақыттан бері нағыз кәсіби мамандардың сарапшылық қоғамдастығына мүшемін. Сондықтан да сапасыз қызметтен тұтынушылар ғана емес, сонымен бірге клинеттеріне көмектесе алатын, саланы білетін кәсіби мамандар да зардап шегетіндігін айта аламын», - деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше мемлекет кәсіби қоғамдастық қатысушыларынсыз заңға тәуелді актілерді әзірлей алмайды.

«Мемлекеттік билік органдарының барлық өкілін ашық әрі сындарлы диалогқа шақырамын. Біздің кәсіп иелері мұны шешудің әлуантүрлі нұсқасын сан мәрте ұсынған болатын. Тіпті, заңға тәуелдік актілер мен қолданыстағы заңнамаға қандай да бір нормаларды да ұсынды. Бүгінде мемлекет риэлторлық қызметті реттеудің ұлттық стандартын қабылдап отыр. Өкінішке орай, ол шикі. Онда көптеген олқылық бар. Сондықтан да бүгінде нарықта осындай жағдай туындап тұр», - деді Нина Лукьяненко.

Сарапшы қазіргі уақытта риэлторлық қызметті заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігі туындап отырғанын айтады.

«Қызмет пен мамандықтың іс жүзінде бар екендігін, мемлекет оны заңмен бекітілген құжаттармен заңдастыруға мүдделі еместігін мойындау қажет. Ойын ережесін талқылап, нарықты тазартайық. Кәсіп өкілдері үшін де, клиенттер үшін де қолайлы әрі жайлы жұмысты бірлесіп істейік», - деді ол.

Айта кетейік, таяуда Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевқа сауал жолдаған депутат Олжас Құспеков риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу қажеттігін көтерген болатын.