Рим Папасы Франциск Қазақстанға ізгі ниетпен қарайтын
АСТАНА. KAZINFORM – 21 сәуір күні екіжақты өкпе қабынуы салдарынан Рим Папасы Франциск 89 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол 1200 жылдан астам уақыттан бергі Католик шіркеуін басқарған бірінші иезуит, бірінші латынамерикалық және шыққан тегі еуропалық емес тұңғыш Рим Папасы болған еді. Ол қай ісімен есте қалды және оның билігі тұсында Қазақстан мен Ватикан қарым-қатынасы қандай арнада дамыды?

Дәуір бетбұрысында
Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылып, қарқынды дамыды. Осы жылдардың ішінде көптеген екіжақты, оның ішінде жоғары мемлекеттік деңгейде де кездесу өтті. 1998 жылы қыркүйекте Қазақстан Президентінің Ватиканға сапары аясында Өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол қойылды. Еліміз Қасиетті тақпен мұндай жоғары деңгейдегі заңды мәртебесі бар келісім жасасқан ТМД мен Азия кеңістігіндегі бірінші елге айналды. 2001 жылдың 22-25 қыркүйек күндерінде Рим Папасы Иоанн Павел ІІ Қазақстанға бірінші мемлекеттік пасторлық сапарын жасады.
2022 жылы, жаңа понтифик Франциск тұсында Қазақстан-Ватикан ынтымақтастығының шарттық-құқықтыз базасы айтарлықтай кеңейе түсті. Атап айтар болсақ, 2022 жылдың 1 шілдесінде Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ватикан мемлекетіне жасаған ресми сапарының екінші күнінде Қасиетті Тақтың мемлекеттермен қатынастар жөніндегі хатшысы (Сыртқы істер министрі) архиепископ Пол Ричард Галлахермен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында сыртқы саяси ведомство басшылары Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесіне қол қойды.
Осы сапар аясында Білім және ғылым министрлігі жанындағы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен Ватикан Апостол мұрағаты және Ватикан Апостол кітапханасы мен архивінің басшысы Хосей Толентино екі мекеме арасында ғылыми және мәдени салаларда өзара іс-қимылды орнату мақсатында ниеттер туралы меморандумға қол қойды. Шығыстану институты Ватикан мұрағаттарынан Түркі әлемі мен Еуропаның өзара қарым-қатынасы туралы латын, ерте неміс және скандинав тілдеріндегі бұрын жарияланбаған дереккөздерді іздестіруге, сондай-ақ Алтын Орданың шынайы тарихын қалпына келтіру үшін мұрағат материалдарын зерделеуге ниет танытты.
Қазақстанның университеттік медициналық орталығы мен «Бамбино Джезу» ауруханасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған 1998 жылғы Қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімге қол қойылды.

2022 жылдың 13-14 қыркүйегінде Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сол күні Рим Папасы Ақордада Қазақстан Президентімен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонаққа зор ілтипат білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысу туралы шақыруды қабыл алғаны үшін Рим Папасына алғыс айтты.
- Сіздің Қазақстанға, жалпы айтқанда, Орталық Азия аймағына алғашқы апостолдық сапарыңыз менің отандастарымды қай дінді ұстанатынына қарамастан зор қуанышқа бөледі. Сіздің бұл сапарыңызды қайырымдылық пен әділдік жолындағы рухани көшбасшылықтың жарқын үлгісі ретінде бағалаймын. Қасиетті Иоанн Павелдің Қазақстанға жасаған тарихи сапары 2001 жылы қыркүйекте, сол жылғы 11 қыркүйекте бүкіл әлемді ауыр күйзеліске түсірген АҚШ-тағы террорлық актіден кейін болды. Оның символдық мәні зор еді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Рим Папасының сапары халықаралық аренадағы жағдайдың шиеленісуі мен әлемдегі ауыр геосаяси ахуал аясында өтіп жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Католик шіркеуі басшысының Қазақстанға келуі және оның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы өте маңызды оқиға екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Рим Папасы бейбітшілік пен өзара түсіністікке шақыратын бастамаларға себепші болуы мүмкін.
Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде Рим Папасы Франциск ұлы ақын Абай өзінен кейін адамзатқа бай мұра қалдырғанын айтты.
- Кеше қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы көп мәлімет алдым. Бүгін бұл музыкалық аспапты осы жердің ұлы ақыны, композиторы – Абайдың үнімен байланыстырғым келеді. Ол өзінен кейін діндарлықты сіңірген туындылар қалдырды. Осы орайда ол халықтың жан дүниесіндегі ең маңызды құндылықтарға баса мән берді, - деді Рим Папасы Франциск.

Осы орайда ол Абай адамзат алдында маңызы жойылмайтын мәселелерді көтергенін атап өтті.
- Ең маңызды сұрақтарға жауап табуымыз керек. Біз руханиятты насихаттауымыз қажет. Абай жазғандай, өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Сондықтан жанды, сананы таза ұстау керек, - деп қосқан еді Рим Папасы.

266-шы Рим Папасы
Франциск, сайланғанға дейін Хорхе Марио Бергольо – 266-шы Рим Папасы. Ол 1936 жылы 17 желтоқсанда Аргентина астанасы Буэнос-Айресте италиялық бес балалы эмигранттар отбасында дүниеге келген. Болашақ Рим Папасы Буэнос-Айрес университетін бітіріп, химик-технолог маманы дипломын алған. 22 жасында Рим-католик шіркеуінің семинариясын аяқтап, діни қызметін бастаған.
33 жасында Сан-Мигель колледжінде ұстаздық етті. Одан кейін өз елінде католик шіркеуінің епископы біртіндеп Буэнос-Айрес архиепископы, кардинал дәрежесіне дейін көтеріліп, өз елінде Рим Папасынан кейінгі католик шіркеуінің діни басшыларының қатарына кірген. 2005 жылы Рим Папасы II Иоанн Павел қайтыс болғаннан кейін кардинал Бергольо Ватиканнан шақыру алып, католик шіркеуінің басшысы лауазымына үміткер болды. Сайлау нәтижесінде Рим Папасы болып неміс Йозеф Ратцингер сайланды. 2013 жылы XVI Бенедикт өз еркімен дінбасы лауазымынан бас тартқаннан кейін, кардинал Бергольо жабық дауыс сайлауында Рим Папасы болып сайланып, Франциск деген есімді иеленді.

2016 жылы Франциск Мәскеу және бүкіл Орыс Патриархы Кириллмен кездесіп, католик шіркеуі мен орыс православ шіркеулерінің қарым-қатынастарын жақсарту туралы және бүгінгі халықаралық саясат жайында маңызды әңгімелер көтерді.
Рим Папасы Франциск жайында 3 деректі фильм мен бір көркем туынды түсірілген. Көркем фильм Папа Бенедикт XVI-шының кардинал Хорхе Марио Бергольоны Ватиканға шақырып, орнын иеленуін ұсынғаны жайлы сыр шертеді. Айта кетерлігі, осы жайттың өзі Рим Папасы лауазымының қаншалық ауыр жүк екендігін дәлелдесе керек-ті.
Айта кетейік, 23 ақпанда Ватикан 14 ақпаннан бері өкпе инфекциясынан кейін Римнің Gemelli клиникасында ем алып жатқан 88 жастағы понтификтің жағдайы мүшкіл екенін айтты. Одан полимикроб инфекциясы анықталып, өкпесінің екі жағы қабынғаны белгілі болды.

- Папаның денсаулық жағдайы күрделі. Бұрын да хабарлағанғандай, ол әлі қауіпті кезеңнен өткен жоқ, - делінген хабарламада.
Кеше ғана Пасха жексенбісінде Папа Франциск дәстүрлі батасын беру үшін Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған сенушілердің алдына шыққаны хабарланған еді.

Ал бүгін Рим Папасының өмірден озғаны мәлім болды. VaticanNews мәліметінше, Рим папасы 2025 жылғы 21 сәуірде, дүйсенбі күні Ватикандағы Каса-Санта-Марта резиденциясында дүниеден озған. Сағат 9:45-те Апостолдық палатаның камерленгосы кардинал Кевин Фаррелл Санта-Марта үйінен Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы хабарлады.
— Қымбатты бауырлар, мен Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Бүгін таңғы сағат 7:35-те Римнің епископы Франциск өмірден өтті. Ол ғұмырын құдайға және оның шіркеуіне қызмет етуге арнады, — делінген Ватикан хабарламасында.