Рим Папасы Лев XIV Мадридтен Барселонаға ұшу кезінде ұшқыштар кабинасында болды
АСТАНА. KAZINFORM – Рим Папасы Лев XIV Испанияға жасаған апостолдық сапарының екінші күні Мадридтен Барселонаға ұшу барысында жолаушылар ұшағы экипажының кабинасында біраз уақыт өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Әуе кемесінің капитаны Пабло Мартинес Нуньестің шақыруымен Рим Папасы Iberia әуе компаниясының Airbus A320 ұшағындағы ұшқыштар кабинасына кіріп, рейстің едәуір бөлігін сонда өткізген.
Ұшу барысында понтифик экипаж мүшелерімен әңгімелесіп, ұшақты алып жүрген Испания әскери-әуе күштері жойғыш ұшақтарының ұшқыштарымен радиобайланысқа шыққан.
Рим Папасы әскери ұшқыштарды жылы қарсы алып, иллюминатор арқылы қол бұлғап амандасты.
– Бұл өте жылы әрі адами сәт болды. Рим Папасы ұшқыштардың жұмысына ерекше қызығушылық танытып, олардың қызметіне алғыс білдірді, – деп мәлімдеді Ватиканның баспасөз қызметі.
Лев XIV-тің Испанияға сапары 2026 жылғы 6-12 маусым аралығында өтіп жатыр. Бағдарламаға Мадрид, Барселона және Қанар аралдарына бару енгізілген.
Сапардың негізгі тақырыптары – еуропалық халықтардың бірлігі, жастарды қолдау, көші-қон мәселелері және конфессияаралық диалог.
Ұшқыштар кабинасында түсірілген фото және бейнематериалдар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралып жатыр.
Шетелдік басылымдардың жазуынша, Лев XIV ашық әрі заманауи қарым-қатынас стилімен ерекшеленеді. Ол дін ұстанушылармен және қарапайым адамдармен бейресми форматтағы кездесулерді жиі таңдайды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Рим Папасымен кездескені хабарланған болатын.