Рим Папасы Лев XIV Парижде 700 мың адам қатысқан месса өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Рим Папасы Лев XIV Францияға апостолдық сапарының екінші күнін Париждегі Maison Bakhita орталығында мигранттармен кездесуден бастады. Кейін ол Келісім алаңы мен Елисей алаңдарында 700 мың қажы қатысқан салтанатты мессаға төрағалық етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі.

Рим Папасы Лев  XIV Парижде 700 мың адам қатысқан месса өткізді
Фото: Vatican Media

Сенбі күні таңертең понтифик Париждің XVIII ауданындағы әлеуметтік қолдау және интеграция жөніндегі епархиялық Maison Bakhita орталығына барды. Орталық әулие Жозефина Бахитаның құрметіне аталған және бұрынғы понтифик Францисктің мигранттарды «қабылдау, қорғау, қолдау және интеграциялау» туралы үндеуіне жауап ретінде құрылған.

Лев XIV Maison Bakhita, «Aux Captifs, la Libération» және «À Bras Ouverts» ұйымдары өкілдерінің әңгімелерін тыңдап, осалдық тақырыбында сөз сөйледі. Кездесу шағын форматта өтіп, шамамен жарты сағатқа созылды.

Түстен кейін Католик шіркеуінің басшысы Келісім алаңында салтанатты мессаға төрағалық етті. Қатысуға тіркелген адамдардың көп болуына байланысты іс-шараның аумағы Жұлдыз алаңына және Гранд-Арме даңғылына дейін кеңейтілді. Діндарлар ұзындығы шамамен үш шақырым болатын біртұтас ось бойына орналасты.

Бұл – Ватикан басшысының 2008 жылдан бері Францияға жасаған алғашқы ресми сапары.  Лев XIV-нің сапары 25-28 қыркүйек аралығында өтіп, Париж, Лурд және Мец қалаларын қамтиды. Мессадан кейін понтифик Лурдқа ұшады.

Бұған дейін, жұма күні Рим Папасы Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті, ЮНЕСКО штаб-пәтеріне барды, Нотр-Дам соборында кешкі құлшылық рәсімін өткізді және «Стад де Франс» стадионында жастармен бірге дұға ету рәсіміне қатысты.