Рим Папасы Палестина мемлекетін құруға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Рим Папасы Лев XIV Палестина мемлекетін құру мен тануды ұзақ жылға созылған Палестина-Израиль қақтығысының «жалғыз шешімі» деп атады. Ол тиісті мәлімдемені жексенбі, 30 қарашада Түркиядан Ливанға ұшуы кезінде жасады, деп хабарлайды DW.
— Израильдің бұл шешімді әлі де қабылдамай отырғанын біліп отырмыз, бірақ біз оны жалғыз шешім деп санаймыз. Біз сондай-ақ Израильмен доспыз және екі тарап арасында делдал болуға тырысамыз, бұл оларға барлығы үшін әділ шешімге жақындауға көмектеседі, — деп жауап берді Лев XIV түрік тілшісінің сұрағына.
Рим-католик шіркеуі басшысысының Түркияға 27 қарашада басталған сапары және одан кейінгі 2 желтоқсанға дейін Ливанға ұшуы — Лев XIV-тің мамыр айында сайланғаннан бері алғашқы шетелдік сапары.
Ватикан Палестинаны мемлекет ретінде 2015 жылы ресми түрде таныды. Бұл қазіргі Рим Папасының алдындағы Рим Папасы Франциск Қасиетті Таққа келгеннен кейін екі жыл өткен соң болды. Ватиканның баспасөз қызметі мемлекеттің Палестинаны 2013 жылы, автономия БҰҰ-да бақылаушы мәртебесін алған кезде іс жүзінде танығанын атап өтті.
Сол кезде Израиль СІМ Ватиканның шешімі Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесіне ықпал етпейтінін мәлімдеген болатын.
Қарашаның ортасында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху аумақтың кез келген жерінде Палестина мемлекетін құруға қарсылығы өзгермегенін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, қыркүйек айында Трамп пен Нетаньяху Газадағы соғысты тоқтату туралы келісімге келді.
22 қыркүйекте Франция президенті Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны мойындағаны туралы мәлімдеме жасады.
Португалия басқа елдерден кейін Палестинаны мойындады.
Оның алдында Канада, Аустралия және Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындайтынын жариялады. Канада Палестинаны ресми түрде мойындаған G7 елдерінің біріншісі болды.
Бұған дейін Палестинаға қаржылық қолдау көрсету үшін 12 мемлекет коалиция құрғанын жазған болатынбыз.