Рим Папасы Бенедикт XVI: «Палестиналықтар тәуелсіз мемлекет құруға құқылы»

Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайтының жазуына қарағанда, Рим Папасының ресми мәлімдемесінде былай делінген: «Бұл мәселеге қатысты дауыс беру Палестинаны БҰҰ мемлекеттері арасынан көргісі келген көптеген халықаралық қауымдастықтың көңіл-күйіне жағымды әсер етті. Десек те, бұл аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге әлі де жеткіліксіз. Түйткілді мәселе палестиналықтар мен израильдіктердің бейбітшілік, тұрақтылық принциптерін сақтап, заңнан аттамаған жағдайда ғана түбегейлі шешімін таппақ».
Мәлімдемеде сондай-ақ Рим Папасының: «Бұдан былай қантөгіске, қақтығысқа, терроризмге жол берілмесін!» - деген сөзі де жазылған. Понтификтің сөзіне қарағанда, палестиналықтар тәуелсіз мемлекет құруға, онда лайықты өмір сүруге және еркін жүріп-тұруға құқылы. Мәлімдеме «Израиль мен Палестина арасындағы проблемаларды шешетін өзара шешімі баянды болғай!», - деген Рим Папасының тілегімен аяқталған.
Коммюнике Құдыс қаласына «оның қасиетті жерлеріне баруға мүмкіндік беретін, Құдыстың киелі сипатына көлеңке түсірмейтін, ар-ождан және наным-сенім бостандығын, бірегейлігін қамтамасыз ететін халықаралық деңгейде кепілдік берілген» арнайы мәртебе беруге шақырумен түйінделеді.