Рим Папасы Димаш Құдайбергенге сыйлық алып келді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанға мемлекеттік сапармен келген Рим Папасы Франциск әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге кәдесый тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рим Папасы Димаш Құдайбергенге сыйлық алып келді

«Рим Папасы берген бата-тілегіңіз бен естелік сыйлығыңыз үшін үлкен алғыс айтамыз. Ғұмырыңыз ұзақ болсын. Ағатайды да @kanat_sveta_aitbayevtar сыйлығымен құттықтаймыз», - деп жазды Д.Құдайберген Instagram-дағы жеке парақшасында.

Рим Папасымен жеке кездесуге Димаштың әкесі Қанат Айтбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысқан.

Димашқа Рим Папасы тарту еткен медальон түріндегі сыйлықта ағылшын тілінде «Қазақстанға сапар, 13-15 қыркүйек, 2022 жыл» деген жазулар бар. Басты фонына қолына сәби көтерген ана бейнесі орналастырылған.


Еске салайық, Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына мемлекеттік сапармен 13 қыркүйекте келді. Оны әуежайдан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.

14 қыркүйекте жұмысын бастаған съез отырысында Рим Папасы «Қазақстан – бір-бірінен алшақ орналасқандардың басын қосатын маңызды мекен» екенін атап өтті.