Рим Папасы пандемиядан кейінгі кезеңдегі басымдықтарды атады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан маңызды құндылықтарды сақтау бағытында қадамдар жасап келеді. Бүгін елордадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде Рим Папасы Франциск осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақ жерінде 20 жылдан бері әлем үшін маңызы зор осы съезд ұйымдастырылып келеді. Биылғы кездесу бізді пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани, әлеуметтік дамуындағы рөлі туралы ойлануға бағыттап отыр. Пандемия назар аударғым келетін төрт жаһандық проблеманың ішіндегі негізгісі болып тұр. Бұл бізден және діннен ортақ игі ниеттің болуын талап етеді. Коронавирус баршамызды бір деңгейге түсіріп, барлығымыз қарапайым адам екенімізді еске түсірді. Ұлы ақын Абайдың шығармаларынан осы жайында терең түсінуге болады», - деді Рим Папасы.
Осы орайда ол әлем елдерінде пандемия жайлаған кезде барша адамзат өзінің әлсіз әрі көмекке мұқтаж екенін сезінгенін айтты. Сондықтан қазіргі кезде ынтымақтастық байланыстарды кейінге ысырып қоя алмаймыз. Баршамызға ортақ күрделі проблемаларды бірлесе шешуіміз керек.
«Осы орайда дін бейтарап қалмауы тиіс. Бұл тұрғыда дін алға жетелеп, сынақ алдында адамдардың бірлігіне қолдау танытуы керек», - деді Понтифик.
Рим Папасы әлсіздерді тыңдап, халықтың осал топтарына сөз беріп, ортақ ынтымақтастыққа қолдау жасауға шақырды. Бұл мәселе бірінші кезекте пандемия кезінде зардап шеккен кедей әрі мұқтаж адамдар қатысты болып тұр.