Рим Папасының елордадағы мессасына 13 елден адамдар қатысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рим Папасы Францисктің астанадағы ЭКСПО кешені аумағында өткізген мессасына 13 елден 7 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін ұйымдастырушылардың мәліметінше, діни рәсімге кез келген дін мен конфессияның өкілі қатыса алды. Халық үшін 5 мың отыратын, 1,7 мың тұрып тыңдайтын орын дайындалды. Барлық орын толған.
«Қасиетті Крестің көтерілу мерекесіне бағышталған мессаға республика өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден мыңдаған қажы қатысты. Шет елдердің географиясы мынадай: Румыния, Германия, Польша, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия, Түрікменстан, Беларусь, Тәжікстан», - делінген ұйымдастырушылар хабарламасында.
Уағызды бастамас бұрын Рим Папасы қоғамдық сапарларға арналған өзінің арнайы көлігі – папамобильмен жиналғандардың алдынан жүріп өтті.
Рим Папасы месса барысында бейбітшілік пен әділдіктің зор құндылығын атап өтті. Ол қарулы қақтығыстарға қарсы шығып, Қазақстан Республикасына өзінің сапарын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар Қазақстан халқына батасын беріп, Қасиетті месса тостағанын сыйға тартты.
Папаның уағызы мен дұғасы бір сағаттан астам уақытқа созылды. Уағыз мәтінімен Ватиканның ресми сайтынан танысуға болады.
Айта кетейік, Рим Папасының Қазақстанға сапары – рухани және саяси мәні бар өте маңызды оқиға. Понтифик бүкіл әлемде жоғары беделге ие, соғыстардың, кедейліктің, гендерлік теңсіздіктің өткір мәселелерін көтеріп жүреді. Ал оның пікірі міндетті түрде тыңдалады.
Ватикан мен Рим-католик шіркеуінің басшысы Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға алдыңғы сапары 2001 жылдың қыркүйегінде, Нью-Йорк қаласында 11 қыркүйек күні болған қайғылы терактіден бірнеше күн өткен соң болған еді.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін Қазақстанда өткізу идеясы Папаның сапары кезінде туындады. Екі жылдан кейін, 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі өтті. Алғашқы күндерден бастап Ватикан да съездің жоғары деңгейдегі тұрақты және белсенді қатысушысы болды.
Осылайша, Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуын растаған Рим-католик шіркеуінің бірінші басшысы болды», - деді съез ұйымдастырушылары.