Римде дәстүрлі әсемдік карнавалы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италия астанасының көшелерінде кеше дәстүрлі әсемдік карнавалы басталды. Бұл шаралар екі аптаға созылып, 4 наурыз күні мерекелік отшашумен аяқталады, деп жазады РИА Новости.

Римде дәстүрлі әсемдік карнавалы басталды

Бұрнағы жылдардағыдай, Рим карнавалының негізгі алаңы Пьяцца-дель-Пополо болмақ. Мерекенің алғашқы күні қаланың басты көшесі Виа-дель-Корсо бойымен түрлі-түсті жасандырылған экипаждар мен ат гвардиясы өтеді. Ал алдағы 11 күнде жүздеген шараларды өткізу жоспарланған. Оның ішінде дәстүрлі италияндық тағамдардан тегін дәм тату, ең үздік карнавалдық костюмге байқаулар және қуыршақ театрының қойылымдары ұйымдастырылмақ.

Римдегі билік өкілдері елде ХІХ ғасырға дейін аталып өтілген бұл шараны бірнеше жыл бұрын қайта жаңғыртқан болатын. Оның танымалдылығы қазір Венециядағы ең әйгілі карнавалдан асып кетпесе, кем түспейді. Алғашқы заманауи карнавал Римде 2009 жылы өткен еді. Ол жұртшылықтың есіне 100 жылдан астам уақыт бұрын ұмытылып кеткен шараны салып, олардың қызығушылықтарын оятты.

Бұрын болған сол мерекелерде ат жарыстары, бетперде шерулері, театрландырылған көріністер ұйымдастырылатын. Адамдардың сол кездегі бір-біріне түрлі-түсті қағаздардан жасалған кішкентай бейнелерді лақтыру дәстүрі әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.