Римдік центуриондар Колизейді жаулап алды
АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Римдік центуриондар мен гладиаторлардың киімдерін киген итальяндықтар Колизейді жаулап алды, деп хабарлады La Repubblica - Roma.
Былайғы уақытта туристермен ақшаға суретке түсетін «центуриондар» олардың археологиялық қазба орындарынан, соның ішінде Ежелгі Римнің көрнекті жерлерінен аулаққа кетуін талап ететін заңға қарсылық ретінде Флавия амфитеатрының екінші қабатына жайғасып алды. Бұған дейін олар сәуірдің басында Колизейді «жаулап» алған болатын.
«Бізге Колизейде жұмыс жасауға мүмкіндік беріңдер, белгілі бір ережелерді орнатып, біздің осында қалуымызға мүмкіндік беріңдер», деп талап етеді қарсылық акциясына қатысушылар. La Repubblica-ның хабарлауынша, бұл күндері олар туристермен суретке түскендері үшін ақша алып жатқан жоқ.
Қарсылық акциясы барысында полициямен жанжалдар да болып қалды, қарсыласушылардың бірін «жедел жәрдем» алып кетуіне тура келді. Бұл оқиғаны бақылап тұрған туристер қол шапалақтап, «Біз центуриондар жағындамыз!» деп айқайлады. Ақырында полиция қарсыласушыларды Колизейдің кіреберісіне тықсырды.
Corriere della Sera басылымының жазуынша, римдік билік «центуриондар» үшін бірқатар ережелер белгілемек. Атап айтқанда, олар арнайы куәлік алулары тиіс, сонымен қатар туристерден ақша ала алмайды және олар белгілі бір аймақтарда ғана жұмыс жасай алады, бірақ оған Колизей сияқты ежелгі римдік сәулет ескерткіштері кірмейді.
«Бізді Колизейден ығыстырғысы келетін заң қажет емес. Римнің ежелгі сәулет ескерткіштерінің қасында тұра алмайтын болсақ, центурион болудың қажеті қанша?!», - деді қарсылық акциясына қатысушылардың өкілі Давиде Москато.