Ринат Казаченко жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан оқ атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанған Ринат Казаченко Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салды.
Қазақстандық мерген 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі винтовкамен үш қалыпта ату бағдарламасында екінші нәтиже көрсетті. Финалда ол 355,2 ұпай жинады.
Алтын медальді Рохит Каньян жеңіп алды — 355,9 ұпай. Үздік үштікті Патрик Энтнер түйіндеді — 344,0 ұпай.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының осы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі болды.
Бұдан бұрын Алматы облысында пара оқ атудан ел біріншілігі өтетінін жазғанбыз.