Ринат Сүйіндіков «ҚР Қарулы Күштерінің үздік сержанты» атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ІV Бүкілармиялық конкурстың қорытындысы бойынша Ринат Сүйіндіков «ҚР Қарулы Күштерінің үздік сержанты» атанды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Отар» 40-әскери базасында бірнеше күн бойы барлық әскер түрлері мен тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың, арнайы әскерлердің, әскери оқу орындарының өкілдері Қазақстан армиясының үздік сержанты атағы үшін күресті.
Әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыстан, жауынгерлік машиналарды жүргізуден, атыс даярлығынан, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаудан, әскери топографиядан, әдеби-көркемдік байқауда сайысқа түсті.
Дәурен Мырзабаев, Николай Кружальский, Сағындық Төреқожаев, Ерзат Еркінбай сияқты сержанттар барлық он бес аталым бойынша үздік нәтижелер көрсетті. Оларға сәйкесінше бригада, батальон, рота, взвод үздік сержанты атақтары берілді.
Кіші сержант Марат Ибраимов «Үздік бөлімше командирі» атанды.
Жыл сайын өткізілетін байқау әскери қызметшілердің әскери-кәсіптік қасиеттерін арттыруға, жауынгерлік рухы мен дағдысын шыңдауға бағытталған.