Ринат Заитов тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға несие каникулын жариялауды ұсынды

ринат зайытов
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға несие каникулын жариялауды ұсынды.

«Апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейді. Өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс істейтіні жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен Комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз.

Апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұраймыз. Сонымен қатар, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұраймыз», - деді депутат.

Оның сөзінше, тақсынның бүгінгідей ауқым алуына адами салғырттықтар да «үлес қосып» жатыр. 

«Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. 
«Бөренеден аттаймыз» - деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді.

Сондықтан, Президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс», - деді Ринан Заитов.

Соңғы жаңалықтар