Ринат Зайытов мемлекеттік органдардың жұмысы туралы: заң бұзу азаятын емес
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды. Оның пайымдауынша, заңдардың орындалуында мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында астын сызып тұрып айтатын тапсырмаларының бірегейі ол – «ашықтық пен әділеттілік». Бірақ, сол мақсатты іске асыруға Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдары мардымсыз жұмыс жасап отырғанына күн сайын көзіміз жетеді. Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады», - деді Ринат Зайытов Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдай отырып.
Халық қалаулысының айтуынша, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма?» дейді ол.
Сонымен қатар депутат ҚР ӘРПК 90-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті екенін еске салды.
«Өкініштісі сол. Бұл заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр. Сонда, жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер тағы сол сияқты мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ?», - дейді Р.Зайытов.
Осылайша мәжілісмен Бас прокурордан лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етуді талап етті.