«Рио-2016» Олимпиадасына Қазақстан құрамасының спорттық киімі дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рио-2016» Олимпиадасына арналған Қазақстан құрамасы спорттық киімдерінің сызбалары келесі жылы 20 қаңтарда дайын болмақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Спорттық резервтің ұлттық штаттық командалар дирекциясының басшысы Қайыргелді Жанпейісов мәлім етті.

«Рио-2016» Олимпиадасына Қазақстан құрамасының спорттық киімі дайындалуда

«Біз қазақстандық спортшыларға парадтық және спорттық киімдерді тігетін отандық өндірушілермен кездестік. Әзірге сызбасын жасау жұмыстары жалғасуда. Ол 20 қаңтарға дейін жалғасады. Содан кейін біз спортшылардың спорттық киімдерінің үлгілерін қарайтын арнайы комиссия құрамыз», - дейді ол.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков отандық спортшыларға арнайы спорттық киімдерді жергілікті компаниялар тігетіндігін хабарлады. «Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғанындай, біздің елде парадтық және спорттық киімдерді тігетін жақсы тігін фабрикалары бар. Сондықтан, біз өзіміздің қазақстандық өндірушілерді таңдаймыз», - деді вице-министр.