Рио-де-Жанейрода 19 қабатты ғимарат қирады: қаза тапқандар бар
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат -Рио-де-Жанейро қаласының орталығында кеңселік 19 қабатты ғимараттың төбесі ортасына түсті,
деп хабарлайды РосБизнесКонсалтинг CNN-ге сілтеме жасап. Оқиға салдарынан кем дегенде 2 адам қаза тапты, тағы 11 адамның тағдыры белгісіз.
Оқиға сәрсенбі, 25 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 шамасында болды. Апат жұмыс күнінің аяғында болғанына қарамастан, түрлі кеңселер орналасқан ғимаратта қызметкерлер әлі жұмыс істеп жатқан.
Қазіргі уақытта оқиға орнында үйінділерді аршу және жоғалған адамдарды іздеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ғимараттағы құтқару жұмыстары прожекторлар жарығымен және басқа да автономдық көздермен өткізіліп жатыр, себебі ауданда өрттер мен тұйықталулардан сақ болу үшін электр жарығы өшірілді.
Бұған не себеп болғаны әзірше белгісіз. Алайда куәгерлердің айтуынша, ғимараттың құлауының алдында жарылыс болған.