Риода боксшыларымыз кем дегенде Лондон Олимпиадасындағы нәтижені қайталауы керек - С. Қонақбаев

«Бүгінгі таңда бокс бүкіл әлем бойынша жаңа деңгейге көтерілді. Әр елдерден мықты боксшылар шығып жатыр. Сол себепті боксшылар арасында бәсекелестік арта түсті. Бұған ұлттық құрама командамыздың 2015 жылы Доха қаласында өткен Әлем біріншілігіндегі сәтсіз өнері куә. Бұл жағдай біздің бапкерлердің алдына жаңа талаптар қойды. Боксшылардың физикалық және психологиялық даярлықтарына өзгерістер енгізілді. Сондықтан, енді биылғы Рио-2016 жазғы Олимпиадасынан да медальсіз қайтпаймыз деген үміттеміз. Бұл жерде менің жеке пікірім - кем дегенде 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы нәтижені қайталауымыз қажет», - деді С. Қонақбаев.
Сонымен қатар, ол жазғы Олимпиада ойындарына кәсіпқой боксшылардың қатысу мүмкіндігі туралы да өз ойын білдірді.
«Бұл мәселе әзірге толық шешімін тапқан жоқ. Тек теория жүзінде қаралып жатыр. Қашан іске қосылатыны белгісіз. Бұл жерде әрине Халықаралық Олимпиада Комитетінің ресми рұқсаты керек. Оның үстіне бұл өте шетін мәселе. Неге десеңіз, әуесқой боксшылар мен кәсіпқой боксшылардың жарыстарға дайындалу және қатысу үдерісі әрқалай. Мысалы, кәсіпқой боксшылар бір бокс кешінде 12 раундтық сайысқа қатысқан соң, 3-4 ай үзіліс алады. Ал Олимпиада кезінде кем дегенде бес сайыс өткізуің қажет. Сондықтан, бұл мәселе бойынша да бапкерлер мен басқа да мамандардың нақты пікірлері өте қажет», - деді С. Қонақбаев.
Айта кетелік, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальге қол жеткізген болатын. Оның үстіне Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев (69 келі) техникалық шеберлігі өте жоғары боксшы ретінде Вэл Баркер Кубогына ие болған еді.
Айтпақшы, Қазақстан Вэл Баркер Кубогына иелену жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында келеді. Бұған дейін бұл кубокты 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атанған Василий Жиров пен 2004 жылы Афина Олимпиадасында 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтыннан алқа таққан Бақтияр Артаев иеленген болатын. Ал АҚШ боксшылары бұл кубокты 5 рет алған.
Ал, 2015 жылы Катар елінің астанасы - Доха қаласында өткен Әлем біріншілігенде бокстан Қазақстан құрама командасы бар болғаны 2 күміс медальге ғана қол жеткізген болатын.