Ришат пен Рашид Хайбуллиндер Қытайдағы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасы спорттық құзға өрмелеуден 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарының екінші медалін жеңіп алды.

Ришат пен Рашид Хайбуллиндер Қытайдағы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды
Фото: Никита Басов / ҰОК

Қытайдың Санья қаласында ерлер арасындағы эстафеталық жарыста қола жүлде сарапқа салынды. Бұл спорттық бәсекеде Қазақстан атынан Ришат Хайбуллин мен Рашид Хайбуллин жұбы Таиланд құрамасының спортшыларына қарсы тұрды. 

Ағайынды Хайбуллиндер 11,98 секунд нәтижесімен жарыстың қола жүлдесін жеңіп алды. 

Сонымен қатар Дамир Тоқтаров пен Әмір Маймұратов, сондай-ақ Тамара Улжабаева мен Анна Баларшина жарысты ширек финалда аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, құзға өрмелеуден жекелей сында Ришат Хайбуллин үшінші орын алған болатын.

Сондай-ақ бұған дейін құзға өрмелеуден Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне шыққанын хабарлаған едік.