Робот сот орындаушылары 1,2 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде робот сот орындаушысы арқылы өндіріп алу сомасы 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті.

робот
Фото: Pexels

- «Робот сот орындаушы» жобасы өткен жылы іске қосылды. Әлеуметтік жобаның мақсаты – азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту. Бұрын борышкер жеке сот орындаушысының қызметі үшін қарыз сомасының 25%-на дейін комиссия төлесе, енді процесті автоматтандырудың арқасында бұл шығын алынып тасталды. Мәселен, сот орындаушысы роботы іске қосылған сәттен бастап азаматтар 1,2 миллиард теңгеден астам ақша үнемдеді, - деді Талғат Уәли орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде робот арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспары бар.

- Бұл азаматтардың қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір тиісті түзетулер Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында жатыр,- дейді ресми өкіл.

Еске салайық, былтыр Қазақстанда робот сот орындаушы іске қосылды.

 

Соңғы жаңалықтар