«Родина АФ» Астанаға күніне 50 тонна сүт өнімдерін жеткізуді көздеп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Целиноград ауданы Родина ауылындағы "Родина АФ" ЖШС сүт зауыты өндірісінің қуаттылығын арттырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Родина» агрофирмасының негізгі жұмысы егіншілік пен мал шаруашылығына бағытталған. Жылына шамамен мұнда 6 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Еңбек өнімділігі əр ауыл тұрғынына жылына 11 млн теңгеден келеді. Қазіргі уақытта егіншіліктен гөрі мал шаруашылығында айтарлықтай даму бар" - деді Родина ауылына баспасөз турына барған БАҚ өкілдеріне «Родина АФ» ЖШС директорының орынбасары Андрей Веревкин.
Оның айтуынша, 2012 жылы сүт зауытының іргесі көтеріліп, ауылдағы шикізаттың (яғни сүттің) бəрін сол зауытта қайта өңдеу басталып кеткен. Сауылатын сиырдың барлығы қысы-жазы мал қорадан шығарылмай, азықтанады. Əу баста сүт зауытының жұмысы 5-7 тоннамен басталған. Қазіргі таңда Астанаға күніне 30-35 тонна сүт өнімдерін тасымалдап отыр.
"Өздеріңіз білетіндей, сүттен өндірілетін өнімдеріміз әр түрлі. Сүттен басқа кілегей, айран, ірімшік секілді өнімдерді өндіріп жатырмыз. Сонымен бірге, өнімдердің тағы 2-3 түрін өндіру қолға алынуда. Ауылда шамамен 1740 тұрғын бар. Бұл - Садовая, Родина және Зеленый гай ауылының тұрғындары. Біздің ауылдың халқы 100 пайыз толығымен жұмыс істейді" - дейді ол.
Андрей Веревкиннің айтуына қарағанда, халықтың негізгі бөлігі агрофермада еңбек етеді. Ауылдың қалған жүзге жуық тұрғыны білім, денсаулық, құқық қорғау саласында жұмыс атқарады. Ауылдағы халықтың бәрі де кәсіпорын тарапынан берілетін жеңілдікке ие.
Ал «Ауылда және агрофермада қандай мәселе бар?» деген сұраққа кәсіпорын өкілі келесідей жауап берді.
«Мәселені мәселе ретінде емес, бағындыратын асу деп білеміз. Біздің алға қойған міндетіміз - Астана нарығында салмағымызды өсіру. Бізде тек қана шикізаттың жетіспеуі ғана сезіледі. Әйтпесе, күніне 100 тонна сүтті өңдеп, сатуға қауқарымыз бар. Бізге керек десеңіз, елордадан қоңырау шалып, кілегей қайда, сүт қайда деп сұрап жатады. Зауыттың өзі 50 тонна сүтті өңдеуге арналған. Сондықтан, біз жоқ дегенде сүт зауытының қуаттылығын 50 тоннаға жеткізуді мақсат тұтып отырмыз», - деп түйді Андрей Веревкин.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бүгін "Родина АФ" ЖШС-не барып, бірегей кəсіпорынның жұмысымен танысты. Аталған кəсіпорын көп салалы бағытта жұмыс жүргізумен қатар соңғы үлгідегі технологиялармен өнім өндіруде.