Родина ауылындағы заңсыздық: 2 млрд теңгенің жобасын қолға алған мердігерге айыппұл салынды

Ақмола облысының Целиноград ауданында сауықтыру кешенін салып жатқан мердігерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform. 

Родина ауылындағы заңсыздық: 2 млрд теңгенің жобасын қолға алған мердігерге айыппұл салынды
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша өңірде тұрғындар үшін өмірлік маңызы зор нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына тексеріс жүргізіліп жатыр.

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті Целиноград ауданы Родина ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Бұл жоба бойынша мердігермен екі жылға жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.

Нысанның іргетасын салу кезінде қолданыстағы мемлекеттік стандарттарды бұзу деректері анықталды.

«Мердігер «Риголит» ЖШС-не қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысы бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 312-бабы 2-бөлігіне сәйкес 800 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Целиноград аудандық сотының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 312-бабы 2-бөлігі негізінде «Риголит» ЖШС жобадан ауытқығаны үшін лицензиясынан айырусыз 1 932 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу түрінде әкімшілік жазаға тартылды», - деді ведомстводан.

Еске салайық, Ақмола облысында ер адам жұмыс орнынан 34 млн теңге жымқырды.

 

 

Соңғы жаңалықтар