Ролан Гаррос турнирі: Елена Рыбакина 1/8 финалға өтті

ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан Франция ашық чемпионатының төртінші айналымына өтті.

Елена Рыбакина
Фото: Olympic.kz

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда кезінде дүниежүзілік рейтингіде 27-сатыда тұрған бельгиялық Элизе Мертенспен жолығысты. 

Осыған дейін қарсыластар бес рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакина жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда Мертенс екі рет брейк жасап, Елена таразы басын теңестіріп отырды. Содан кейін өзі үшінші рет брейкке қол жеткізіп, сетке доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:4. Екінші сетте есеп 2:1 болған сәтте Рыбакина брейк жасай білді – 3:1. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 7 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мертенс 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 19-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингіде 64-орындағы румыниялық Ана Богданның қай жеңгенімен таласады. 

Аталмыш «Үлкен дулыға» турнирінде жекелей сында Қазақстаннан Е.Рыбакина ғана қалды. 

Өткен жылы Ролан Гаррос додасында Е.Рыбакина үшінші айналымнан аса алмаған еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Италиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.