Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Ролан Гаррос» турнирі: Зарина Диястың қарсыласы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінде Зарина Диястың қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ролан Гаррос» турнирі: Зарина Диястың қарсыласы анықталды

Осы турнирдің 21-інші ракеткасы болып тіркелген жапониялық Наоми Осака америкалық Софья Кенинді 6:2, 7:5 есебімен тізе бүктіріп, екінші айналымға шықты. Жиырма жасар Н.Осака биыл Индиан Уэллс (АҚШ) турнирінде айды аспанға шығарып, ресейлік Мария Шарапова, чехиялық Каролина Плишкова, әлемнің бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп сияқты мықтыларды жолдан тайдырып, жеңімпаз атанған еді. Сондықтан ол әлемнің 51-інші ракеткасы Зарина Дияспен кездесуде жеңістен басты үміткер болатыны анық.

Еске сала кетейік, кеше «Ролан Гаррос» турнирі қазақстандықтар үшін сәтті басталып, Юлия Путинцева ұлыбританиялық Йоханта Контаны, Зарина Дияс Польша елінің өкілі Магда Линетті тізе бүктірген болатын. Ю.Путинцева екінші айналымда америкалық Дженнифер Брэдимен шеберлік байқасады.

Бүгін ерлер арасындағы «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық Михаил Кукушкин осы турнирдің 31-інші ракеткасы болып тіркелген испаниялық Альберт Рамос-Виньоласпен кортқа шығады.