Роман Гонсалес чемпиондық атағынан айырылды

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Головкин-Джейкобс жекпе-жегінің андеркарты аясында никарагуалық Роман Гонсалес (46-0, 39 КО) екінші аса жеңіл салмақтағы WBC белбеуін қорғауы үшін тай боксшысымен жекпе-жекке шықты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген Гонсалес алғашқы раундтарда ұтылатындай болып көрінген еді. Себебі тай боксшысы Срисакет Сор Рунгвисаидың (41-4-1, 38 КО) жойқын соққылары діттеген жеріне жетті, тіпті оң қолмен жіберген бір xукы чемпионның бүйіріне тиіп, нокдаунға түсірді. Ал үшінші раундта Гонсалес басынан жарақат алды. Дегенмен, никарагуалық боксшы бірте-бірте жекпе-жекті өз қолына алды. Өз шабуылдарын үдетіп, қарсыластың мысын басты. Осы кезде Рунгвисаи қулыққа басты. Баспен чемпионның жарақатынан ұрып, теxникалық нокаутқа жеткізуге тырысты. Алайда кәсібіи төреші оның бәрін байқап тұрды. Бір-екі рет ескерту жасағаннан кейін Рунгвисаидың бір ұпайын шегерді. Соған қарамастан, алған соққылардан Гонсалестің жарақаты қанай берді, тай боксшысының бетіне де, денесіне де шашырады.

Соңғы раундтарда екі боксшы да жылдамдықтарын үдетті. Екеуінің де дайындықтары жоғары екені байқалды. Алайда Роман Гонсалестің кейбір соққылары ауа қармап қалды. Басынан да, қабағынан да сорғалаған қан кедергі жасады. Ал тай боксшысы еркін қимылдап, ұпайды еселеуге күш салды. Жекпе-жектің соңында оның да қабағы жарылды. Төрешілердің шешімі бойынша тай бокшысы ұпай санымен ұтып, аса жеңіл салмақтағы WBC чемпионы атанды.

Айта кетейік, дәл осы жекпе-жектен кейін орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен WBA (Regular) белбеуінің иегері Дэниэл Джейкобс (32-1, 29 КО) жұдырықтасады.

Соңғы жаңалықтар