Роман Поланскидің «Елес» фильмі Еуропалық киноакадемияның алты жүлдесіне ие болды
БРЮССЕЛЬ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Танымал әлемдік режиссер Роман Поланскидің «Елес» («The Ghost Writer») фильмі Эстония астанасы Таллин қаласында ағымдағы жылдың 4 желтоқсаны күні өткен Еуропалық киноакадемияның марапаттау рәсімінде алты аталым бойынша жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Еурокомиссияның баспасөз қызметі.
«Елес» фильмі жылдың ең үздік киносы болып аталды. Сонымен қатар бұл туынды ең үздік режиссура үшін берілетін «Еуро-Оскар» (Роман Полански), ең үздік ер адам рөлінің (Эван МакГрегор), ең үздік сценарий (Роберт Харрис пен Роман Полански), костюм бойынша ең үздік суретші (Альбрехт Конрад) және ең үздік музыка (Александр Деспла) жүлделеріне ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл фильмнің Қазақстандағы премьерасы 2010 жылдың тамыз айында өткен болатын.