Роман Скляр Екібастұздағы ПИК жұмыстарының кемшілігін атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Рavlodarnews.kz порталына сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр пәтер иелері кооперативтері (ПИК) Екібастұздағы апаттан қорытынды жасау керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екібастұзда 20-30 үйді қамтитын пәтер иелерінің кооперативтері бар. Оларда санаулы ғана сантехник жұмыс істейді. Ішкі құбырлар қатып қалмас үшін суды төгу туралы команда берілгенде олардың кейбірі үлгерді, енді кейбірі жұмысты орындап үлгермеді. Ал қазір олар бұл команда уақытылы берілмегенін айтып отыр.

Кейбір үйлерде бұл жұмысты тұрғындардың өзі істеді. Яғни, олар жертөлеге барып, суды ағызып жіберді. Мұндай үйлерді біз бір күн ішінде жылу желісіне қостық. Бірақ кейбір үйлер бойынша арнайы бригадалар барлық тоғыз қабаттағы құбырлар мен жылу радиаторларын ауыстырды. Бұл – өте ауыр еңбек», - деп тоқталды вице-премьер.

Роман Скляр енді ПИК-тер төтенше жағдайдың қалай жойылғаны мен коммуналдық қызметтердің қалай әрекет еткенінен тиісті қорытынды жасауы керектігін айтты.

«Мен бұл кешендердің тұрғындарын кінәламаймын. Тек оларға тиісті қорытынды жасап, меншік иелері бірлестіктерінің немесе ПИК жұмысын реттеу қажеттігін айтамын. Әрбір үйде инженерлік желілердің жай-күйін білетін сантехник болуы керек және олар апат болған жағдайда дереу әрекет етіп, дұрыс шешім қабылдауы тиіс. ПИК-тер төтенше жағдайдың қалай жойылғанынан, коммуналдық қызметердің қалай әрекет еткенінен тиісті қорытынды жасауы керек», - деді Роман Скляр.

Сұхбат барысында вице-премьер қаладағы жағдай туралы әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа ергендерге қатысты ойын білдірді.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. Қалада оқушылар онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

7 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдады.

8 желтоқсанда Президенттің қабылдауында болған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты. Осы күні Екібастұз қаласынан төтенше жағдай режимі алынды.

Фото Валерия Бугаева и Есенжола Исабека






Соңғы жаңалықтар