Роман Скляр: Көлік құрастыру - ел экономикасының өсім драйверлерінің бірі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік құрастыру саласындағы Қазақстанның ірі кәсіпорындары ресейлік «Подольск машина жасау зауыты» АҚ-мен келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресейлік компаниямен келісімді қазақстандық «Maker (Мэйкер)» ЖШС, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Казэнергомаш корпорациясы» ЖШС жасасып отыр. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен шараға министр Роман Скляр, министрлік өкілдері, «Подольск машина жасау зауытының» басқарма төрағасы Алексей Рубцов, қол қоюшы кәсіпорын басшылары қатысты.
«Бүгінгі келісім интеграциялау процесін нығайтуға өз үлесін қосатынына, екі ел кәсіпорындары арасындағы байланысты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Бүгін де көлік құрастыру кешені - Қазақстан экономикасының өсім драйверлерінің бірі. Ынтымақтастық орнату мақсатында Подольск машина жасау зауыты мамандарының қазақстандық кәсіпорындарға іріктеу жүргізгені үшін алғыс айтқым келеді», - деді Роман Скляр өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, екі ел кәсіпорындарының мұндай тығыз ынтымақтастығы «Подольск машина жасау зауытының» бай халықаралық тәжірибесіне негізделе отырып, отандық және шетелдік электр станцияларын энергетикалық жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Қол қойылған келісімдер екі ел кәсіпорындарына генерациялаудың, жаңғыртудың және жұмыс істеп тұрған нысандарды қайта жаңартудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ. Сондай-ақ, аталмыш келісім жылу энергетикасы сегменттеріндегі жабдықтар мен жинақтаушы қосалқы бөлшектерді жеткізу, тәжірибе алмасу, энергетикалық және өзге де машина жасау жабдықтарын өндіру, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге жол ашпақ.