Роман Скляр неміс компаниялары басшыларымен жер қойнауын пайдалану мәселесін талқылады
Онлайн-кездесуге Германияның 100-ден астам жетекші компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты, олардың ішінде Volkswagen, Siemens, Linde, Schaeffler, Knauf, Lufthansa, SMS group, DMT және т. б. бар.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр өз сөзінде Германиядан келген әріптестерді бәсекеге қабілеттілікті арттыру, инвесторларға нарықтық жағдай жасау, саланың кәсіби және технологиялық деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Үкіметінің геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалары туралы хабарлады.
Р. Скляр дағдарыстан кейінгі даму жағдайында экономиканы әртараптандыру және жаңа индустриялық өндірістерді құру мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Бұл бағыттағы белсенді жұмыс 2012 жылғы 8 ақпанда ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ГФР-ға сапары аясында қол қойылған «Қазақстан мен Германия арасындағы шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы» үкіметаралық келісім шеңберінде жүргізілуде.