Роман Скляр: Республикалық жолдар өзін-өзі ақтайтын тәртіпте жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Қазақстандағы ақылы жолдар бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Роман Скляр: Республикалық жолдар өзін-өзі ақтайтын тәртіпте жұмыс істейді

«Ақылы жолдарға тоқталса, 2019 жылдың қаңтарында біз республикалық желінің үш учаскесінде ақылы тәртіп енгіздік. Осы орайда «Алматы-Қорғас», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» жолдары қамтылды. Олардың жалпы ұзақтығы 471 шақырымды құрады, яғни бұдан бұрын ақылы негізде жұмыс істеп тұрған «Нұр-Сұлтан-Щучинск» жолымен бірге 700 шақырымға жуықтады. Бұл өз кезегінде республикалық желінің 3 пайызын (ақылы жолдар) құрап отыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылы төлем алудың ашық жүйесі 5,5 мың шақырым учаскеде енгізіледі, сондай-ақ 2021 жылы тағы да 5,5 мың шақырым қамтылады.

«Осы арқылы біз белгіленген көрсеткіштерді орындаймыз. Бұл тұрғыда республикалық желі өзін-өзі ақтайтын тәртіпте жұмыс істейді», - деді Р. Скляр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның ақылы жолдарында сараланған тариф енгізілмек.