Роналдиньоның рекордын жаңартқан Мейрамбек «Ордабасыдан» шақырту алды

АСТАНА. KAZINFORM – Допты әуеде 7 994 рет теуіп, көпшілікті таңғалдырған Қазығұрт ауданындағы Сынтас елдімекенінің 8 сынып оқушысы Мейрамбек Сілеусінов отандық футбол клуб басшылығының назарына іліккен. 

Роналдиньоның рекордын жаңартқан Мейрамбек «Ордабасыдан» шақырту алды
Фото: Мейрамбек Сілеусіновтің жеке мұрағатынан

Теңбіл допты ұршықша иіретін Мейрамбекті жерлестері «Қазығұрттық Киммих» деп атап кеткен. Себебі оның ойынын неміс футболшысы Йозуа Киммихке ұқсатқан. Сондай-ақ оның «рекордсмен» деген де аты бар. Бұл есімді әуелете доп тебуден алдына жан салмағаны үшін иеленген. 

Бүгінде Мейрамбек Сілеусіновтың ауада допты түсірмей теуіп жүрген видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Онда ойынды ұйымдастырушылардың «4 000 болды», «6 000 рет доп тепті», «7 994» деген сөздері анық естіледі. 

— Жарысқа бір аптадай дайындалдым. Мектепке барып келген соң бірден жаттығуға кірісемін. Үйде 4 000-5 000 рет доп теуіп жүрдім. Турнирде жеңіс тұғырына көтерілемін деп алдыма мақсат қойдым, - дейді жасөспірім.

Талантты жасөспірім допты әуелетіп тебу жарысына осымен екінші рет қатысып отыр. Алғашқы өткен жарыста жолы болмай, допты 450 рет тепкен ол жарыс жолынан шығып қалған. Ал, екінші рет ұйымдастырылған бәсекеде бағы жанды. Ауада теңбіл снарядты 2 сағатқа жуық түсірмей тепкен (7 994 рет) Мейрамбек бас жүлдені жеңіп алды. 

— Біз бірден интернетті ашып қарадық. Бразилиялық әйгілі футболшы Роналдиньоның өзі ауада допты 7 432 рет тепкен екен. Мейрамбек бұл көрсеткішті жаңартты, - дейді жарысты ұйымдастырушы, «Рысбек» Футбол клубының жаттықтырушысы Бақдаулет Рысбеков. 

Мейрамбек
Фото: Мейрамбек Сілеусіновтің жеке мұрағатынан

Әңгіме арасында Мейрамбек Гиннесс рекордтар кітабына ену үшін рекордттық көрсеткішін қайталауға дайын екенін айтты. 

— Шымкентте өткен жарысқа 400-ге жуық бала қатысты. Содан 7 994 рет әуелете доп теуіп, рекордты жаңарттым. Бірақ бұл құжат жүзінде тіркелмеді. Дегенмен 2 сағат бойы допты жерге түсірмей тепкен видеом бар. Егер Гиннесс рекордтар кітабына ену үшін қайта доп тебу керек болса, оған да дайынмын, - деді ол.

Үйде Мейрамбекке ағасы Бекарыс жетекшілік етеді. Көптеген жарысқа қатысуына да тікелей қолдау білдіріп отырады. Бағыт-бағдар беріп, кеңесін айтады. 

— Мейрамбек таяуда «Ордабасы» футбол клубынан шақырту алды. Қазір соның жұмыстарымен жүрмін. Жалпы бауырым жастайынан футболға құмар болып өсті. Көптеген жетістікке жетті, ауданаралық, облыстық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарды иеленді. Ауылымыздың, ауданымыздың атын шығарып жүр. Болашақта бауырым танымал спортшы болатынына сенімім мол, - дейді ағасы Бекарыс.

Соңғы жаңалықтар