Росатом Қазақстанда Түркиядағыдай сызбаны қолданбайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бірінші АЭС-ті пайдалануды Қазақстан мамандары қамтамасыз етеді. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктен мәлім етті.

АЭС
Фото: storage.googleapis.com

— Жоба коммерциялық сипатта. Қаржыландыру вендорлардың есебінен қамтамасыз етіледі. Қаржыландыру құрылымы әлі келіссөздер кезеңінде. АЭС құрылысының соңғы құнын анықтау — көпқырлы процесс. Мұнда шешуші рөлді халықаралық жеткізушілермен жүргізілетін келіссөздер шарттары мен жобалық құжаттаманы әзірлеу, инженерлік ізденістер нәтижелерінен кейін анықталады. Тек осы кезеңдер аяқталғаннан кейін ғана жобаға арналған нақты бюджет нақтыланады, — деді агенттіктен БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Агенттік Түркияда Ресей АЭС-ты өзі салып, өзі пайдаланса, Қазақстанда мұндай схема қолданылмайтындығын айтады. 

— Жоба коммерциялық сипатқа ие. Росатом консорциумның жетекшісі және басқа да вендорлармен құрылыс жұмыстарын жүзеге асырады. Ал АЭС — ұлттық нысанымыз және пайдалануды Қазақстанның өз мамандары қамтамасыз етеді, — деді ведомстводан.

Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік. 

Сонымен қатар Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы тағы бір АЭС-ті қытайлық вендер салатынын мәлім етті.

АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының құны ЖЭО мен ЖЭС-тен алынатын электр энергиясына қарағанда жоғары болады.

Соңғы жаңалықтар