16:44, 13 Тамыз 2015 | GMT +5
Ростов түбіндегі қорымнан алтын мен жүздеген темір жебе табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - РҒА Археология институтының қызметкерлері біздің дәуіріміздің бірінші ғасырында жерленген ақсүйек сармат әйелінің қорымын тапты, тонап-талаушылар қорымға тиіспегендіктен, археологтар одан көптеген заттар: әшекей бұйымдар, қару, құралдар мен керек-жарақтар алды, деп хабарлайды институттың хабарламасына сілтеме жасаған N+1 басылымы.
Қорым Ростов облысындағы 29 обаның бірінен, жаңа әуежайдың құрылыс орнында табылды.
Ғалымдар тапқан заттардың арасында қарудың көп түрі: пышақтар, жасалып аяқталмаған қылыш, 100-ден астам садақ жебесі болған. Бұдан басқа алтын, қоладан жасалған көптеген әшекей бұйымдары, керек-жарақтар: айна, ағаш табақ, саптыаяқ, ат ер-тұрманының бөліктері табылды.
Сармат тайпалары біздің дәуірімізге дейін VI-IV ғасырларда шығыс Еуропа аумағын мекендеген. Олар көшпелі өмір сүріп, мал баққан.