Роза Отынбаева: егер партиялар қысқа мерзімнің ішінде үкіметті жасақтай алса, халық оларға риза болады

БІШКЕК. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отынбаева өз бейнекүнделігінде Жогорку Кенештің құрамына кіруі мүмкін бірқатар саяси партиялардың жетекшілерімен болған кездесудің қорытындысы туралы әңгімелеп берді. Президент елдегі ағымдағы саяси ахуалға қысқаша тоқталып өтті.

Роза Отынбаева:   егер  партиялар   қысқа мерзімнің ішінде  үкіметті жасақтай алса,  халық оларға   риза  болады

Р.Отынбаева ағымдағы аптаның басында бірқатар саяси партиялардың жетекшілерімен - Өмірбек Текебаевпен, Өмірбек Бабановпен, Қамшыбек Ташиевпен және Феликс Құловпен кездескенін хабарлады. Кездесуге сондай-ақ Қырғыз Президенті әкімшілігінің жетекшісі Эмилбек Қаптағаев пен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек Сариев қатысқан.

Саяси партиялардың жетекшілерімен болған кездесу сындарлы мазмұнда өткенін жеткізген Р.Отынбаеваның айтуынша, қатысушылар ағымдағы аптаның соңында парламенттік сайлаудың қорытындысы мәлім болатындығы жайлы хабардар етілген.

Парламенттік көпшіліктің жасақталуы туралы мәселеге тоқталған Қырғыз Президенті, бұл жерде түрлі варианттардың болу мүмкіндігін алға тартты. Дәстүр бойынша, ол мандат ең көп дауыс алған партияға беріледі. Немесе парламенттің жұмысы басталғанға дейін көпшілік коалициясы анықталса, онда басқа партияны таңдауға болады, дейді Р.Отынбаева.

Қырғыз Республикасының Президенті өз сөзінде сондай-ақ, егер партиялар қысқа мерзімнің ішінде үкіметті жасақтай алса, халық оларға риза болатынын айтты.