Роза Отынбаева Қырғызстанға моральдық және жедел гуманитарлық қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын айтты
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінде Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева қысылтаяң кезеңде Қырғызстанға моральдық және жедел гуманитарлық қолдау көрсеткені үшін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасы Қазақстанға алғысын айтты.
Р. Отынбаева Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ЕҚЫҰ Саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ 2010 жылдың ішінде Ұйымға табысты төрағалық жасағанына алғысын білдірді. «Ұйымның бұдан ары қарай дамуына Астана Саммиті тарихи рөл атқаратынына күмән жоқ. Қырғызстан тақырыбы жоғары мінберлерден белсенді түрде талқыланып отыр. Атап айтқанда, сәуірдегі оқиғадан кейін әлемдік қоғамдастықтың назары Қырғызстанға ауды», -деді ол.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің барлығына, Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстанға, ЕҚЫҰ-ның хатшылығы мен барлық институттарына Қырғызстанға көрсеткен моральдық, материалдық қолдаулары үшін, сондай-ақ жедел гуманитарлық және техникалық көмект ері үшін алғысымды айтамын», - деп атап өтті Р. Отынбаева.