Рождество жүрекке махаббат, ізгілік нәрін себетін мерекенің бірі - Қарағанды облысының әкімі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды өңірінің басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков облыс орталығындағы Свято-Введенск соборында болып, православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлады ҚазАқпаратқа аймақ әкімдігінің баспасөз қызметінен.
«Рождество - бұл адамдардың жүрегіне махаббат, мейірімділік пен ізгілік нәрін себетін айтулы мерекелердің бірі. Олар басқа да діндердің моральдық негіздерімен үндесе келіп, адамзат баласын бейбітшілік пен өзара түсіністікке шақырады. Біздің Отанымыз - Қазақстан бүгінде ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде дәл осындай этносаралық және конфессияаралық келісімнің тамаша үлгісіне айналып отыр. Ішкі саяси тұрақтылық, этносаралық келісімнің арқасында біз тәуелсіздік жылдарында толағай табыстарға қол жеткіздік», - деді облыс әкімі.
Нұрмұхамбет Әбдібеков өткен жыл өңірдегі Орыс православ шіркеуі үшін маңызды оқиғаларға толы болғандығын атап өтті.
«Өңіріміздегі православ діні өкілдерінің қызметі бұдан әрі де рухани дүниемізді нығайтып, адамгершілік құндылықтарын уағыздауға бағытталады деп сенемін», - деп атап өтті аймақ басшысы.