Рудныйда 19 жастағы жігіт қаза тапты, күдіктілер іздестіріліп жатыр

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысында Рудный қаласының 19 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдік бойынша екі адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Рудныйда 19 жастағы жігіт қаза тапты, күдіктілер іздестіріліп жатыр
Фото: pixabay.com

Қостанай облысы полициясы Рудный қаласының екі тұрғынын кісі өлтіруге қатасы бар деген  деген күдік бойынша іздеп жатыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 23 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің бір кіреберісінен пышақ жарақаттары бар 19 жастағы Рудный тұрғыны табылған. Алған жарақаттарының салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктілердің жеке басын анықтаған. Қазіргі уақытта оларды ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр, полицияның жеке құрамы Қазақстан аумағы бойынша бағдарланған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаза тапқан азамат пен күдіктілер бір-бірін таныған. Қылмыстың себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталады. Қажетті тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Шымкентте жол ортасында төбелесіп, кісі өлтірген күдіктілер ұсталған еді.

Соңғы жаңалықтар