Рудныйда Тобылдан көп мөлшерде су қабылдауға дайындық жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында екі Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймаларынан су ағызу басталады. Су басу қаупі бар аймақтар қатарына Рудный қаласы да кіріп отыр.
Тобыл-Торғай инспекциясының мәліметінше, Жоғарғы Тобыл су қоймасының нақты көлемі 750,76 млн м3 (92%). Қалыпты деңгейдегі көлемі – 816,6 млн м3. Еркін сыйымдылығы – 65,84 млн м3. Қаратомар су қоймасы 59 пайыз толған. Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларының жалпы бос сыйымдылығы 307,24 млн м3.
«Тобыл өзені бассейні арқылы тасқын сулар ағынының ұлғаюына байланысты Жоғарғы Тобыл су қоймасынан су 1000 м3/сек шығынмен шығарылады. Қаратомар су қоймасынан 29 наурызда сағат 12-ден бастап 70 м3/сек, 4 сәуірде сағат 14-тен бастап 100 м3/сек ағынмен су жіберілді. Бұл су қоймасының жоғарғы бассейнінен тасқын суларының еркін өтуіне мүмкіндік жасайды», - деп хабарлады Тобыл-Торғай инспекциясынан.
Бірақ аймақ басшысы Құмар Ақсақалов соңғы өткен жиында шекті нүктеге жеткенде Қаратомар су қоймасынан су жіберіле басталатынын, секундына 250 текше метрден астам ағызылатын судың төмен орналасқан елді мекендерді басу қаупі бар екенін айтты. Перцевка ауылы мен Рудный қаласының шеткі көшелерін, Б.Майлин ауданындағы Юбилейный ауылы, Қостанай қаласындағы бау-бақша қоғамдары, Қостанай ауданындағы Тобыл өзеніне ең жақын аумақтарды су басу қаупі бар.

Осыған байланысты Рудный полицейлері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындарға эвакуация болуы мүмкін екендігі ескертіліп, саяжай үйлері бар азаматтарға жағдай тұрақталғанша қауіпті аймақтан кетуге кеңес берілді.

Еліміздің бірқатар облыстары сияқты Қостанай облысы да су тасқынына тап болды. Алғашқылардың қатарында Арқалық іргесіндегі ауылдар су астында қалып, Амангелді ауылын да су басты. Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарында 28 наурызда төтенше жағдай жарияланды.