Рудный әкімі сөгіс алды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің шешімімен Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовқа сөгіс берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған департамент басшысы Ерлан Салықбаевтың сөзінше, былтыр пара алу кезінде ұсталған Рудный қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Досполовқа қатысты сот үкімінен соң, оның тікелей басшысы да жазаға тартылды. Еске салсақ, Мақсұт Досполов ҚР ҚК 366-бабы, 3-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Егер басшының өзі немесе оның келісімімен тағайындалған адам сыбайлас жемқорлыққа барса, онда оған қатысты профилактикалық шаралар қолданылады. Мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес, Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовқа сөгіс берілді»,- деді Салықбаев.
Бұдан бөлек, департамент басшысы облыстағы мемқызметтің сапасы туралы сөз етті. «Елбасының «Ұлт жоспары» бағдарламасы бойынша, мемлекеттік қызметте сатылап өрлеу тек конкурс арқылы, яғни, меритократия принципі (сіңірген еңбегіне қарай қызметтік сатыда өсіру) арқылы жүзеге асырылады. Өңірдегі мемлекеттік органдар жариялайтын барлық конкурстардың 48%-ы - ішкі, қалғаны - сыртқы, яғни, жалпы байқау. Былтыр ішкі конкурстардың нәтижесі бойынша 281 үміткер қабылданса, олардың 187-і жоғары қызметке лайық танылды. Демек меритократия принципі сақталуда. Бұл қызметке тағайындаудағы ашықтықты әрі әділдікті қамтамасыз етеді», - деді Е.Салықбаев.
Жиында, белгілі болғандай, Қостанай облысы - еліміздегі әкімшілік аудандары мен мемлекеттік қызметкерлер саны ең көп өңірлердің бірі. 20 аудан-қалада 746 мемлекеттік орган болса, оларда 6381 штат бірлігі бар.