Рудный әкімінің орынбасары дөрекі сөзі үшін қызметінен қуылуы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әдеп кеңесі Рудный қаласы әкімінің орынбасары Әнуар Есқатовтың тәртібіне қатысты істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Іс мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің нормаларын сақтамау фактісі бойынша қаралды.

«Биыл 28 қыркүйекте сағат 12:00 шамасында Рудный әкімдігінің ғимаратында әкім орынбасары Ә.К. Есқатов пен Рудный әкімдігінің ғимаратына қызмет көрсету жөніндегі комендант Л. А. Тимохина және М. З. Джамбурчина арасында жанжал туындағаны анықталды. Жанжалға Рудный қаласы әкімдігі ғимаратының артқы есігінің жабық болуы себеп болды. Мәселенің мән-жайын анықтау барысында Ә. К. Есқатов әкімдік қызметкерлері, күзетші және әкімдікке келушілердің көзінше Л. А. Тимохинаның атына бейәдеп сөздер айтқан. Жанжал куәгерлері Ә. Есқатовтың этикаға жат сөздер айтқанын растады», - деп хабарлайды мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті.

Әкім орынбасары Әнуар Есқатов пен жанжалдасушылардың түсінігін тыңдай келе, әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның және Әдеп кодексінің нормаларын сақтамағаны үшін Әнуар Есқатовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды.

Әнуар Есқатов өз кінәсін мойындап, мемлекеттік қызметкер үшін теріс әрекет екендігін айтты. Дегенмен Әдеп кеңесінің шешімі тым қатал деп санайды.

«Мен мемлекеттік қызметке 16 жылымды арнадым. Әрекетімнің дұрыс емес екендігін және маған абырой әкелмейтінін түсінемін. Мен әрекетімді ақтамаймын, өзімді олай ұстамауым керек еді. Бірақ біз пендеміз. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа шыққан менің әрекетіме қатысты жайттар, маған және отбасыма ауыр тиеді. Дегенмен әдеп кеңесінің шешімі тым қатал. Кеңес мүшелерінің жаза түрінде соңғы ескерту жасауға мүмкіндігі болды. Бірақ мені жұмыстан шығаруды ұсынды. Бұл менің әрекетіме сәйкес келмейтін жаза», - дейді Әнуар Есқатов.

Әзірге Ә. Есқатов Рудный әкімінің орынбасары қызметін жалғастыруда. Соңғы шешімді әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымын назарға ала отырып Рудный әкімі қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар