Рудный қаласында қос азаматтығы бар әйел жазаға тартылды
Рудный қаласында тұратын 56 жастағы әйел 10 жылдан астам уақыт көші-қон саласындағы заңнаманы бұзып келген.
Екі елдің азаматтығы бар әйел енді 600 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс.
– Қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бүгінгі күні өзекті болып отыр. Қостанай облысының аумағында көптеген фактілер анықталуда. Рудный қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты 10 жылдан астам Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының азаматтығы бар 56 жастағы әйелді жауапқа тартты. Енді ол 612 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс, – деп түсіндірді Қостанай облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Ринат Сыздықов.
Қос азаматтық фактілерін анықтау және жолын кесу үшін тұрақты негізде облыстың көші-қон қызметіне мүдделі мемлекеттік органдардан қандай да бір азаматтарда қос азаматтықтың бар екендігі туралы мәліметтер келіп түседі. Бұл ақпаратты тиісінше көші-қон қызметінің қызметкерлері тексереді.
– Қазақстанда және сонымен бір мезгілде шет мемлекеттің аумағында зейнетақы төлемдерін алатын адамдарды анықтау бөлігінде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтармен, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде, – деп түйіндеді Ринат Сыздықов.
Айта кету керек, осы жылдың жеті айында 39 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 7-еуі елден шығарылды, оларға 5 жыл ішінде Қазақстан аумағына кіру құқығы шектелді.
Фото: polisia.kz