Рудный мен Арқалықта жатақханалар салынады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Қостанай облысының қалаларында жатақханалар салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша бірнеше жоба қолға алынады.
«Бастамалардың әрқайсысы еліміздің әр азаматы үшін үлкен берекенің бастауы. Бұнда халқымызды толғандыратын баспана салу, еңбекақыны көбейту мен салық жүктемесін азайту, білім беру мен жатақхана салу, шағын несие беру мен газдандыру сұрақтары қарастырылған. Бүгінде жатақхана салу жұмыстарының жоспары бекітілді. Мәселен, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ жанынан салынатын студенттер үйінің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қазір облыстағы басқа оқу орындарымен байланыс жасап, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жатақхана салуды бастап кету қажет», - деді өңір басшысы.
Архимед Мұхамбетовтің сөзінше, жатақхана оқу орнының қасында орналасса, суденттер үшін барынша жақсы жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, Рудный және Арқалық қалаларында да жатақханалар бой көтереді. Жалпы, облыста 3305 студентке жатақханалар қажет.
«Президент ұсынған 5 бастама мемлекетіміздің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі. Олардың барлығы экономиканың өсімі мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны сөзсіз. Ел дамуының қиын кездерінде Елбасымыз халық қамын ойлап, қашанда әлеуметтік саланы шектемей, оны қолдап отырды. Қазіргі таңда негізгі міндет - тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу», - деді Архимед Мұхамбетов.