Рудныйда автобус өртеніп кетті
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудный қаласының орталығында автобус өртке оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқыс оқиға вокзал маңында болған. Рудный қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша, бүгін сағат 15:06-да автобустың өртенгені туралы хабар түскен.
«Автовокзал маңында «GSUH 290 M 12» маркалы автобус өртке оранды. Көлік 1989 жылы пайдалануға берілген. Түтін аккумулятордың тұсынан шыққан. Кейін жалын қозғалтқыш бөліктегі сымдарға тиіп, тұтанған», - делінген ТЖ кезекші бөлімінің хабарламасында.
Жалын 5 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт сағат 15:27-де толығымен сөндірілді. Бастапқы мәлімет бойынша, оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген.