Рудныйда базарға «бомба қойған» 34 жастағы ер адам екі жылға сотталды

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Рудный қаласында «бомба» қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан ер адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рудныйда базарға «бомба қойған» 34 жастағы ер адам екі жылға сотталды

Бұған дейін хабарлағанымыздай , 2020 жылғы 17 наурызда полицияға Октябрьдің 50 жылдығы көшесіндегі «Бак-Бак» базарына «бомба» қойылғаны туралы аноним хабарлама түскен. Тергеу амалдарын жүргізу барысында осы ақпарат тексерілді.

Жарылғыш зат табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері жалған хабар таратқан 34 жастағы ер адамды анықтады.

Жалған ақпарат таратқан ер адамға қатысты сот 11 маусымда өтті.

«Рудный қалалық соты Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша айыпталған 35 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды. Сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ер адам арнайы қызметтердің күш-құралдарын жалған шақырғаны үшін материалдық шығынды толық өтеді» делінген полицияның ақпаратында.