Рудныйда тұрғын үй өртеніп, 70 адам эвакуацияланды
РУДНЫЙ. ҚазАқпарат – Рудный қаласында көпқабатты үйден өрт шығып, бірнеше адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін Франко көшесінің бойындағы үйде болған.
«9 қабатты үйдің кіреберісінде тұрған диван өртенген. Өрт 3 шаршы метр аумақты шарпыды. Үй тұрғындары автосаты арқылы төменге түсірілді. Барлығы 70 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 20 бала бар», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.
Өрт барысында зардап шеккендер жоқ. Осы дерек бойынша сараптама жұмыстары жүргізілуде, өрттің нақты себептері анықталып жатыр.