Рудныйдағы екі кісінің өлімі: полиция арнайы топ құрды
Қайғылы оқиға бүгін Рудный қаласында болған.
«Сағат 11:48-де «102» нөміріне жеке тұрғын үй секторында қайғылы жағдайдың болғаны хабарланды. Қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы хабарды тексеру үшін оқиға орнына шықты. Тәртіп сақшысы тұрғын үй ішінен 53 жастағы ер адам мен 43 жастағы әйелдің мүрдесін тапты. Олардың зорлықпен өлтірілгені анықталды», - дейді полицияның баспасөз қызметіндегілер.
Қостанай облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Нығмет Ысмағұловтың айтуынша, аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігімен («Адам өлтіру») сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Сараптама тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысын облыс прокуратурасы бақылауға алды. Күдіктілер іздестірілуде», - деді Нығмет Ысмағұлов агенттік тілшісіне.