12:57, 21 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Рудныйдағы көлік апаты: Үшінші адамның кім екені анықталмай жатыр
РУДНЫЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық ТЖД Рудный - Қашар күре жолында болған жан түршігерлік жол апатына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Белгілі болғандай, Рудный - Қашар тас жолында Daewoo Nexia және Audi 80 маркалы автокөліктер соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан 3 адам қаза болды: 1995 жылы туған ер адам, 1979 жылы туған әйел, ал үшінші адамның кім екені әлі анықталған жоқ. Зерттеу жұмыстары жалғасуда, - делінген ТЖД баспасөз хабарламасында.
Көлік апаты кезінде түрлі дәрежеде жарақат алған 1978 жылы туған ер адам мен 1984 жылғы әйел қалалық ауруханаға жеткізілді.
Еске салсақ, кеше таңғы сағат 09:00 шамасында Рудный - Қашар автожолында екі көлік соқтығысқан. Әлеуметтік желіде жан түршігерлік жол апатының видеосы тарады.