Рудныйдың екі тұрғынын өртеген күдіктілер кінәларын мойындамады

Айуандық қылмыс бойынша айыпталушылар - 24 жастағы Сергей Егошин, оның 27 туысқан ағасы Павел Егошин, 31 жастағы Артём Самадахов, 33 жастағы Виталий Самадахов пен 30 жастағы Евгений Курочкин.
Іс материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 шілдесінде аталмыш бес азамат Рудныйдағы жазғы дәмханалардың бірінде спирттік ішімдік ішіп отырған. Бұрын қара және түсті металдарды жинау орнында жұмыс істеген сотталушылардың бірі Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі бригадасының стационарлық тұрағында түсті металл сынықтары болғанын білген.
«Медициналық бетперделер таққан олар, вагонға кіріп, ондағы күзетші мен оның досына шабуыл жасаған. Оларды ұрып, далаға шығарған соң, қол-аяқтарын скотчпен байлаған. Одан әрі зардап шегушілердің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген», - делінген айыптау құжатында. Жапа шеккендер қаза тапты.
Сотталушылар жалпы салмағы 80 келіні, құны 96 мың теңгені құрайтын мыс сынықтарын ұрлаған.
Айыпталушылардың бесеуі де Рудныйдың екі тұрғынын өртегендерін мойындамады. Олар ұрлық жасағандарын ғана айтып отыр.
Фото alau.kz