Рухани саладағы жетістіктерімізді сақтауымыз керек, бұл еліміздің әрі қарай дамуының міндетті шарты - М.Құл-Мұхаммед
АЛМАТЫ. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат - Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Жолдауының негізгі тарауларын түсіндіру мақсатында сәуірдің 23-інде Алматыда Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің студенттерімен және оқытушылармен кездесу өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бірінші кезекте, министр биыл 75 жылдығын атап өткелі отырған оқу орнының ұжымын мерейтойымен құттықтап, қара шаңырақтан Мұхтар Әуезов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Яхия Әубәкіров және т.б. ұлттық әдебиетіміздің айтулы тұлғаларының қайта түлеген рухын сезіп отырғанын атап көрсетті. Министр Елбасының Жолдауына тоқтала келе, Президенттің бүгінгі дағдарыс жағдайында экономикалық дамудың қарқынын төмендетпеу, дамудың ұзақмерзімдік жоспарының стратегиялық міндеттерін мүлтіксіз атқарып, алға қарай адымдау міндеттерін қойып отырғанын атап көрсетті. Міне, осының барлығы келешектің кемелдігіне сенім ұялатып отыр. «Біз рухани тұрғыдағы жетістіктеріміз: ұлттық мәдениетімізді, халықтар арасындағы келісім мен бейбітшілікті, қазақстандықтардың жасампаздық дәстүрлерін қорғауымыз керек. Бұл еліміздің әрі қарай дамуының міндетті шарты», деп атап көрсетті Мәдениет және ақпарат министрі өзінің сөзінде.