«Рухани тәрбие адам мен қоғам дамуының бастауы болуы тиіс»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 18-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің пайдалы тәжірибесі жинақталған». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақала осыдан екі күн бұрын Астанадағы тәуелсіздік сарайында өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және лайықты басқару - Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік дамуының шарты» атты халықаралық конференцияға арналған. Шараға қатысқан Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жемқорлыққа қарсы тұру үшін 4 маңызды шартты орындау қажет екендігін нықтап айтқан.
Кеше Мемлекет басшысы Екібастұз-Павлодар өңірінде болып, экономикалық маңызы бар жаңа электр желісінің, зауыттың және мекемелердің іске қосылу салтанатына қатысқан болатын. «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің осы сапарының барысынан егжей-тегжейлі жазылған мақаласын «Солтүстік энергиясы оңтүстікке жол тартты» деген тақырыппен берген.
Мемлекет басшысының осы сапары жайында жазылған келесі мақаланы «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Шығыс Қазақстан өңіріне сапарлап, ондағы «Жол картасы» мен индустриялық-инновациялық бағдарламаның атқарылу жайымен танысып қайтқан. Осыған орай жарияланған «Алтай мен Ертіс алабы - қайнаған тірлік қазаны» атты мақала аталған өңірдің тірлік-тіршілігінен мағлұмат береді. Басылым сөз соңын былай түйіндепті: «Еуразия атты алып құрлықтың кіндігінде орналасқан кеңбайтақ Қазақстанның әр пұшпағын тиімді пайдаланудың, ұлан-ғайыр жер ресурстарын, су, орман, табиғат байлығын іске қосудың жақсы мүмкіндігі ашылады. Біз Шығыс Қазақстан облысындағы бүгінгі тірлікке қарап, осындай стратегиялық мақсатқа деген шынайы ұмылысты анық байқадық».
***
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы, ҚР Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия мүшелерінің кезекті отырысы өткен болатын. Осыған орай «Айқын» газетінде «Қазақстан азаматтары 16 мың адамға көбейеді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада отырысты ашқан Қ.Саудабаевтың «Қазіргі дағдарыстық құбылыстарға қарамастан, Қазақстан азаматы атанғысы келетін басқа елдердің азаматтарының санының азаймауы, олардың легінің тыйылмауы адамдардың біздің елімізде адам құқығы мен еркіндігінің, ең алдымен жақсы өмір сүру құқы, лайықты білім алу мен денсаулық сақтау құқығының қамтамасыз етілгеніне сенетіндіктерін білдірсе керек», деген сөзі келтірілген.
Ағымдағы жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі орта мектептердің оқу жоспарына «Дінтану негіздері» атты жаңа пән енгізілген болатын. Осыған орай «Айқын» басылымы Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Әбдіжаппар Әбдәкімовтен сұхбат алған. «Ақ сөйле!» айдарында «Рухани тәрбие адам мен қоғам дамуының бастауы болуы тиіс» атты тақырыппен жарық көрген мақаланы басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Жас қазақ» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан мен Малайзия: ұқсастықтар мен айырмашылықтар» атты мақала жарық көрді. Басылым тілшісі екі елдің ұқсастықтары өзге дінге деген тосқауылдың болмауы, ал айырмашылығы Қазақстанда орыстілділер әлі де болса империялық көзқарастан арыла алмай жүрсе, бұл елдегі қытайлардың жүрегі Малайзия деп соғуында деп жіктейді.
Сонымен қатар осы басылымда Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметовтің толғамды пiкiрі, ұлт бойындағы асқынып бара жатқан дерт төңiрегiндегі ойлары «Әр ру өзіне жеке мешіт, жеке мола тұрғызып, бөлектенуге бет бұрса, ұлттық бірлік қайда қалады?» деген тақырыппен берілген.
***
Бас прокуратура шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бөлініп жатқан қаражаттың да ұстағанның қолында, тістегенннің аузында кетіп жатқан жайттары бар екенін анықтапты. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымындағы «Банктерден тағы бір былық шықты» атты мақаладан таныса аласыз.
Бұрындары «елімізде спорттың қай түрінің түйіні мен түйткілі көп?» дегенде бірауыздан футбол, волейбол, баскетбол немесе теннисті атаушы едік. Бүгінде бұлардың қатарына бокс, жеңіл атлетика, су спорты сынды спорт түрлері де қосылған сияқты. Осы жайтты ескерген «Алаш айнасының» тілшісі еліміздегі кері кетіп бара жатқан олимпиадалық спорт түрлеріне баға беруге тырысқан.
***
Кеше қыркүйектің 17-сінде жарық көрген «Түркістан» халықаралық саяси апталығында «Қарт Каспийдің етегі дауға толы» атты мақала жарияланды. «Мәртебесіз қарт Каспий төңірегінде өршіген мемлекетаралық даулар мен наразылықтар теңізді бөліске салып алмайынша, шешімін таппақ емес. Байбаламға басып жүріп, қазақ, әзірбайжан, түрікмен мен орысқа теңіздің мәртебесіне қатысты мәселені ақтаулық саммиттің күн тәртібінен алғызып тастаған ирандықтар 60 жыл бұрынғы келісімді көлденең тартады», деп жазады басылым.
***
«Мына бір оқиға есімнен әлі кетпейді. Қаныш Сәтбаевтың туғанына 110 жыл толу құрметіне арналған үлкен басқосуда елуінші жылдары қуғынға ұшырап, көп азап шеккен танысым, орыс ғалымы: «Сіздер, қазақтар, 1953 жылы Сталин өлгенде ғой... Етектеріңіз жасқа толып жыладыңыздар. Ал Ұлы Қаныш өлгенде неге жыламадыңыздар? Мен осыған қайран қаламын...» дегенде не айтарымды білмей қалдым», дейді академик Салық Зиманов. Бұл турасында «Алматы ақшамы» газетінде бейсенбі күні шыққан «Ашаршылыққа саяси баға беретін кез келді» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
Ипотекалық несиесін қайта қаржыландыруға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге Ұлттық қордан бөлінген қаржыны игеру барысында жекелеген заң бұзушылықтар республиканың барлық банктерінде анықталып отыр, деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Бас прокуратурасының мәліметтеріне сілтеме жасап.
Қарағанды болысындағы көптеген нысандар өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзып жұмыс істегені тексеру барысында анықталды, дейді «Литер» газеті.
«Таяуда Талдықорғандағы наркодиспансердегі қайғылы оқиға еліміз бойынша медициналық және білім беру мекемелерінде тексеру жүргізуге мәжбүрледі. Қорытындысы бойынша 10 аурухана, 30 мектеп және 19 мәдени-демалыс нысаны уақытша жабылған», деп жазады басылым.